Наурызбай батыр орта мектебінде де Ұлыстың ұлы күні Әз Наурызымыз өтті. Ауылымыздың сұлу, ақылды, өнерлері саусақтарынан бал тамған әжелеріміздің «Ал, қанекей, әжелер» сайысы өтті. Әжелеріміз өсіп келе жатқан ұрпақтарға салт-дәстүрлер туралы айтып, сұрақтарға да жауап берді. Өз өнерлерін көрсетті. Мектеп оқушылары да салт -дәстүрлерін көрсетіп, көптеген өлеңдер айтты. Аталарымыз батасын берді, әжелеріміз наурызкөжелерін таратып, шашу шашылып Ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Наурыз – ежелден келе жатқан мейрам. Бұл күні – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, адамзат баласының аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық пен бейбітшілік орнаған күн.
Ұлыстың ұлы күнінде әр бір жүрекке үкілеген үміт оты маздап, бақыт есігі ашылғандай болып, «аурулар айығамын, аштар тойынамын, лыпасыздар киінемін» деп келешекке сеніммен қараған. Себебі, күн мен түн теңелгенде, жаңа ай толықсып толғанда, тұрмыс пен табиғат жаңарғанда жер жүзі жайнап, көк құт көзін (өсімдік) ашқан. Жер бетіне жақсылық ұялағанда, ұзақ пен жылқышы торғай (Нәуірзек) ұшып келген, жыл жерге түскен, Жер-ана тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген, Самарқанның көктасы еріген. Түнгі даланы адамдарға бақ-дәулет дарытатын Қызыр АТА аралаған.